«Білім беру сапасын қамтамасыз етудің әдіснамалық негіздері» тақырыбында Жамбыл ауданында облыстық әдістемелік десант өтті
2023 жылдың 8 ақпан күні Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен Жамбыл ауданының педагогтері үшін оқыту мен тәрбие сапасының деңгейін арттыру, білім сапасын қамтамасыз етуде мектепішілік бақылау жоспарын жоспарлаудың тиімділігі, БЖБ, ТЖБ тапсырмаларын құрастыру, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру бағытында әдістемелік десант өтті. Әдістемелік десантқа «Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету» департаменті басшысының орынбасары Атенов Жасұлан қатысып, білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау өлшемшарттары, сауалнама жүргізу, оқыту нәтижелерін, өзін-өзі бағалау құрылымымен таныстырып, педагогикалық әдеп қағидаларына да тоқталды.
Іс-шараға мектеп директорларының оқу, ғылыми-әдістемелік, құқық, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектепке дейінгі ұйым және мектепалды даярлық сынып, бастауыш, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, математика, физика, тарих, география, жаһандық құзыреттілік, информатика пәндерінің мұғалімдері мен кітапхана қызметкерлері, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтер, барлығы 510 педагог қатысты.
Әдістемелік десантта облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскерлері мұғалімнің нормативтік құжаттар, БЖБ, ТЖБ тапсырмаларын құрастыру, «Авторлық бағдарламаны» жазудың тәртібі, рәсімделуі білім сапасын арттыру жолдары, PISA, PIRLS халықаралық зерттеулер, ББЖМ нәтижелері негізінде жүйелі жұмыстарды жүргізу бойынша ақпараттық-әдістемелік көмектер берді. Қажетті материалдардың электронды нұсқалары таратылды.