«PIRLS зерттеуіне сай мәтінді түсіну және талдау дағдыларын қалыптастырудың әдістемелік негіздері» тақырыбында ақпараттық-әдістемелік семинары өтті
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығы 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 9 ақпан күні «PIRLS зерттеуіне сай мәтінді түсіну және талдау дағдыларын қалыптастырудың әдістемелік негіздері» тақырыбында ақпараттық-әдістемелік семинары өтті. Мақсаты – PIRLS халықаралық зерттеуінің талаптары мен бағалау өлшемдеріне сәйкес бастауыш сынып білім алушыларының мәтінді түсіну және талдау дағдыларын қалыптастыру, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және тиімді тәжірибелерді оқу үдерісіне енгізуге әдістемелік қолдау көрсету.
Семинар барысында PIRLS халықаралық негізгі зерттеуінің мазмұны, құрылымы және әдіснамалық ерекшеліктері жан-жақты қарастырылды. Қатысушылар оқу сауаттылығын дамытуға бағытталған тапсырмалар жүйесіне талдау жасап, көркем және ақпараттық мәтіндермен жұмыс жүргізудің нәтижелі тәсілдерімен танысты. Атап айтқанда, мәтіндегі негізгі және қосымша ақпаратты анықтау, мағыналық-құрылымдық талдау жасау, деректерді салыстыру арқылы логикалық қорытынды шығару, ақпаратты жүйелеу және әртүрлі форматта ұсынылған мәліметтер арасындағы өзара байланысты айқындау жолдарына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар құпиялылықтан шығарылған PIRLS тапсырмалары негізіндегі мәтіндер арқылы практикалық бағыттағы түсіндірмелер беріліп, оларды сабақ үдерісінде қолданудың тиімді үлгілері ұсынылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушыларға семинар материалдары негізінде әзірленген электронды таратпалы ресурстар ұсынылып, алынған теориялық және практикалық мәліметтерді педагогикалық тәжірибеде қолдануға арналған нақты әдістемелік ұсынымдар берілді.
Шараға аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің жауапты әдіскерлері, PIRLS халықаралық негізгі зерттеуіне қатысатың орта білім беру мекемелерінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары мен бастауыш сынып мұғалімдері, барлығы 369 педагог қатысты.









