Оқу-әдістемелік кабинеті туралы - Оқу-әдістемелік кабинет

Оқу-әдістемелік кабинеті туралы

Авторлық бағдарлама жазудың талаптары мен әдістемесі» тақырыбында семинар өтті

   Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 2025 жылдың 4 наурыз күні «Авторлық бағдарлама жазудың талаптары мен әдістемесі» тақырыбында география пәні мұғалімдеріне арналған семинар өтті. Облыстық іс-шара барысында география пәнінің мұғалімдеріне авторлық бағдарламаның толық құрылымын, мазмұнын, талаптары мен әдістемесін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Педагогтерге жұмыс дәптері мен жаңа форматтағы тапсырма түрлері таныстырылды. Аталған іс-шараға барлығы 173 педагог қатысты.

    

Балалар кітапханасы» бағдарламасы, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Менің сүйікті кітабым – Абай шығармалары» тақырыбында республикалық челленджі басталды

«Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі (ҚР ОАМ) бекіткен «Тоғыз айда 9 іс-шара» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында «Балалар кітапханасы» бағдарламасы, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Менің сүйікті кітабым – Абай шығармалары» республикалық челленджі бастау алды. Челлендждің мақсаты - еліміздің оқушыларын Абай Құнанбаевтың шығармаларын оқуға шақыру арқылы оқу белсенділіктерін арттыру, кітап оқуға баулу және тәрбиелеу. Іс-шара барысында Жамбыл облысы Батыс Қазақстан облысы жолдаған Абайдың «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» 7-ші қара сөзін қабыл алып, Жамбыл облысы Жетісу облысына Абай шығармаларын оқуды ұсынды. Республикалық челлендж жыл бойы жалғасады.

    

Облыстық білім беру ұйымдарының арнайы мамандарының арасында «Үздік сабақ» атты сырттай байқау өткізілді.

   Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 2025 жылдың 27 ақпан күні білім беру ұйымдарының арнайы мамандарының арасында «Үздік сабақ» атты облыстық сырттай байқау өткізілді. Білім беру ұйымдарының (арнайы мектеп-интернаттар, ППТК, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау кабинеттері, «Асыл Мирас» аутизм және оңалту орталықтары) арнайы мамандарының кәсіби деңгейін көтеру, озық педагогикалық тәжірибелерді жинақтау және тарату мақсатында ұйымдастырылған «Үздік сабақ» атты облыстық сырттай байқауға ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқытудағы тәжірибелерінен 35 бейне сабақ ұсынылып, нәтижесінде үздік сабақтар анықталды. Арнайы мамандардың өзін-өзі дамытуы мен жаңартуды жүзеге асырудың жаңа әдіс-тәсілдерін тиімді қолдануы, сабақ құрылымының жүйелілігі мен нақтылығы, жалпы байқаудың ережесіне сәйкес өткізілген бейне сабақтар бойынша Жамбыл ауданы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің логопеді Рысқұлбек Толғанай I дәрежелі, Т.Рысқұлов ауданы Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебінің ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау кабинетінің логопеді Бекназарова Назира II дәрежелі, Тараз қаласы №3 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің дефектологі Омарова Гулназ, №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернатының тифлопедагогі Садыкова Динара III дәрежелі дипломдармен марапатталды.

       

Биология пәнінен білім алушыларды ҰБТ- ға дайындаудың тиімді жолдары» тақырыбында облыстық семинар өтті.

2025 жылдың 5 наурыз күні облыстық оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен биология пәні бойынша ҰБТ-ға дайындық процесін тиімді ұйымдастыру, теория мен практиканы ұштастыру арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін құралдар мен тәсілдерді үйрету, әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Биология пәнінен білім алушыларды ҰБТ- ға дайындаудың тиімді жолдары» тақырыбында облыстық семинар өтті. Семинар барысында педагогтерге ҰБТ-да қиындық тудыратын тапсырмаларды шешудің тиімді жолдары, білім алушылардың пәндік, метапәндік және түйінді құзыреттерін дамыту жолдары көрсетіліп, қажетті дидактикалық материалдарға сілтемелер таратылды. Іс-шараға аудандар мен Тараз қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, биология пәнінің және «Мақсатты мектептер» жобасына енген мектептердің пән мұғалімдері, барлығы 110 педагог қатысты.

ББЖМ-де кездесетін күрделі мәтіндерді талдау жолдары» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 2025 жылдың 25 ақпан күні аудандар мен Тараз қаласының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін арттыру, оларға әдістемелік көмек көрсету мақсатында «ББЖМ-де кездесетін күрделі мәтіндерді талдау жолдары» тақырыбында облыстық семинар өтті. Семинар барысында педагогтерге ББЖМ-де кездесетін күрделі мәтіндерді талдау жолдары, мәтіндерді түсінудегі қиындықтар мен оларды шешу жолдары туралы ақпараттар ұсынылып, әдістемелік көмек көрсетілді. Іс-шараға аудандар мен Тараз қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің және «Мақсатты мектептер» жобасына енген мектептердің пән мұғалімдері, барлығы 120 педагог қатысты.